Мұнай астанасы: атақ па, жоқ әлде қарғыс па?
Қалалық сәйкестілігін, ортаның жайлылығын және Атыраудағы азаматтардың қатысуын зерттеу
Бұл талдау Атырау қаласы тұрғындарының сәйкестілігі, қалалық орта жайлылығының қабылдануы, сондай-ақ қаланың мәселелерін шешуге тұрғындардың дайындығы бойынша жүргізілген алғашқы кешенді зерттеу болды. Талдау Chevron компаниясының қолдауымен Urban Forum Kazakhstan ҚҚ тапсырысы бойынша 2018 жылғы қыркүйек-қараша айларында «ТАҢ» Қолдау және дамыту қорымен (Атырау) орындалды.

Зерттеуде жүйелік ықтималдылық іріктеуі пайдаланылды. Атырау тұрғындарының арасынан бағдарлық әдіспен 300 адам сауалнама жүргізу үшін іріктелді.
Тұжырымдар
Барлық дерлік сұрақтардың жауаптарында қаланың бөліктері арасында елеулі айырмашылық жоқ деуге болады, бірақ автомобиль жолдарының жағдайын бағалауды қоспағанда (Атыраудың «Азиялық» бөлігіндегі сұхбаткерлер жолдардың жағдайына төмен деңгейде қанағаттанушылық білдірді). Сұхбаткерлердің 70%-ы қоғамдық көліктің жұмысына нашар баға берді.

Мәдениет инфрақұрылымы нысандарының қанығу деңгейі бойынша аудандардың арасында үлкен алшақтық байқалады. «Еуропалық» бөлігінде сұхбаткерлердің 71%-ы бірде-бір мәдениет мекемесін атаған жоқ. Дегенмен, қаланың «Азиялық» бөлігінде де кері жауаптардың көрсеткіші жоғары (43%), бұл – қаладағы мәдени уақыт өткізу орындарының жалпы тапшылығын білдіреді.

Атырауда тұрғындары үшін қаладағы өмірдің негізгі артықшылығы - салыстырмалы жоғары ақы төленетін жұмысты табу мүмкіндігі болып табылады. Әсіресе әйелдердің арасында (шамамен 20%) Атыраудағы өмірдің ешбір жақсы жақтарын таппаған сұхбаткерлер үлесінің жоғары болуы алаңдаушылық тудырады.

Сұхбаткерлердің үштен бір бөлігінен артық үлесі өз ауданында ешқандай тартымды орын жоқ деп жауап берді және сұхбаткерлердің жартысынан аз бөлігі өз ауданындағы 2 тартымды орынды атай алды. Бұл – Атырауда қоғамдық кеңістіктердің тапшылығын білдіреді.

Жауап бергендердің жартысынан артық бөлігі серуендеуге аптасына бір рет қана және одан сирек шығады. Атырау тұрғыны неғұрлым жас болса, соғұрлым жаяу серуендейді, бірақ әдетте бұл – ерлер болып табылады. Жауап берген әйелдердің басым көпшілігі аптасына 1 рет және одан сирек серуендейтінін мойындады.

Жауап бергендердің басым көпшілігі (шамамен 70%) қиын жағдай туындайтын болса полициядан гөрі таныстарына немесе туыстарына жүгінгенді артық көреді (16%). Мұндай төмен көрсеткіш Атырау тұрғындарының арасында құқық қорғау жүйесі органдарына деген сенімнің елеулі дағдарысын білдіреді.

Алаңдаушылық тудыратын тағы бір көрсеткіш – сұхбаткерлердің басым көпшілігі Атыраудан көшуді жоспарлауда немесе жауап беруден қиналады. Жауап бергендердің төрттен бір бөлігі ғана мұнай астанасында тұруды жалғастыруға ниетті, бұл ретте жауап бергендердің барлығы дерлік Атырауда ұзақ уақыт (6 жылдан артық) өмір сүруде.

Ең басты мәселе ретінде сұхбаткерлер экология жағдайын атады (90%-дан артық). Тұрғындардың шамамен жартысы өз ауданының лас екенін айтты, және тағы 20%-ы өз ауданының қаншалықты таза екенін айтуға қиналды.

Жауап бергендердің шамамен 70%-ы мүмкіндігі шектеулі адамдар мен бесік арбасы бар ата-аналарға қалалық ортаның мейірімсіздігін атап өтті.

Сұхбаткерлер қаланы дамыту жоспарлары мен жобалары туралы ақпаратқа қызығушылық танытудың жоғары деңгейін көрсетті. Белсендірек азаматтық ұстанымды қабылдауға және қала билігіне ұсыныстармен жүгінуге дайын адамдардың үлесі едәуір жоғары болды. Бұл ретте жауап бергендердің 85%-ында қаламен байланысты мәселелерді талқылауға қатысу тәжірибесі жоқ болды.

Мемлекеттік биліктің жергілікті органдары қалалық ортаны дамыту бағдарламаларын әзірлеу мен іске асыру барысында азаматтық белсенділіктің осы әлеуетін ескергені жөн. Атырау тұрғындары қаладағы істердің жағдайына қатысты өте сыни көзқарасты иемденеді. Қалалықтардың сындарлы бейіміне балама ретінде, мәселелердің салдарынан Атыраудан кету беталысы орын алуда, мұндай мәселелердің ең бастысы – қоршаған ортаның төмен сапасы және қала инфрақұрылымы жайлылығының негізгі көрсеткіштерінің ретке келтірілмеуі болды.