Жылдам жүретін трамвай
2. Жүрдек трамвай (ЖРК) деген не?
XXI ғасырдағы жүрдек трамвай – трамвайдың құлдырау кезеңін көзімен көрген алматылықтардың санасындағы машиналармен бірге кептелісте тұратын «дөңгелектері бар табыт» емес. Жеңіл рельсті көлік (ЖРК) заманауи технологиялар мен урбанистикалық шешімдердің арқасында жолаушылар тасымалдау тиімділігі бойынша метромен бәсекелесе алады, ал трамвай жүйелерін салу құны мен мерзімдері метрополитенмен салыстырғанда біршама тартымды болып табылады.

Оқшауланған жолдармен қозғала отырып, төмен вольтты жүрдек трамвайлер жылдамдық пен жолаушылар ағынын ғана емес, сонымен қатар қаладағы өмір сүру сапасын да жақсартады. Адамдардың А нүктесінен Б нүктесіне жылдам қозғалуы қаланың кептеліс салдарынан көретін экономикалық шығындарын азайтады. Заманауи, сыйымды трамвайлар автобустарға қарағанда барынша экологиялы, үнемді, төзімді, қауіпсіз және жайлы болып табылады.

Заманауи трамвай жүйелерінің шетелдік үлгілеріне көз тастасаңыз, қазіргі таңда бүкіл әлемде "трамвайлық ренессанс" орын алып жатқанын байқауға болады. Мысалы, Африка құрлығында соңғы он жылда он заманауи ЖРК пайдалануға берілді. Бүкіл Оңтүстік Америкада 8 жүрдек трамвай жүйесі бар, оның төртеуі соңғы бес жылда салынды. ЖРК желілері бұрынғы Кеңес Одағы аумағында да дамуда.
Әлемнің басқа қалаларының үлгілері
Аддис-Абеба
Эфиопия астанасында жүрдек трамвай жүйесі 2015 жылғы қыркүйек айында ашылды. Қала орталығын өнеркәсіптік аймақтармен және тұрғын аудандармен байланыстыратын екі тармақтың жалпы ұзындығы - 31.6 шақырым. 41 бірліктен тұратын жылжымалы құрам сағатына 60,000 адамға дейін тасымалдай алады. 2018 жылғы шілде айынан 2019 жылғы сәуір айына дейін жүйе шамамен 29 млн. жолаушыны тасымалдап, $3 млн. ақша тапты.

Жүйе 4 миллион тұрғыны бар Аддис-Абебаны автокөлік кептелістерінен едәуір босатып, ЖКО-дан өлім деңгейін төмендетті, қалалықтардың жолға жұмсайтын уақытын азайтты және пайдаланылған газдардан экологиялық жүктемені төмендетті, сондай-ақ 13,000 жұмыс орнын қамтамасыз етті. Заманауи және тартымды жүрдек трамвай Эфиопия астанасының жаңа кейпінің символына айналды. Сахараның оңтүстігіндегі елдердің арасында алғашқы LRT жобасы бола отырып, ол өңір елдері үшін қаланы жоспарлаудың жаңа деңгейін орнатты.

2015 жылға дейін Аддис-Абебада негізгі қозғалыс құралы автобустар мен бағдарлы такси болды, олар жолаушылардың сұранысын қанағаттандыра алмайтын еді. Ел астанасында ҚК жүйесі экономиканың дамуын тежейтін осал буын болып есептелді. Кептелістер мен пайдаланылған газдар деңгейін арттырмастан қаламен қозғалуды жылдамдататын және елге жаңа технологиялар әкелетін шешім қажет болды.

Орталық пен қала билігі 2007 жылғы желтоқсан айында жұмыс тобын құрды, 2008 жылдың жаз мезгілінде жауапты субъект анықталды, ал 2009 жылдың күзінде қытайлық компаниямен келісімшартқа қол қойылды. Жобаның жан-жақты талдауынан кейін, ҚХР-дан алынған қарызбен және Эфиопия үкіметінің бірлесіп қаржыландыруымен (15%) жұмыстар басталды. Жұмыстар үш жылға созылды, ал құны $475 млн. құрады.
Марокко
Солтүстік Африкадағы алғашқы LRT жобасы 2011 жылы Мароккода салынды. Ол ел астанасы Рабат қаласын және көлемі бойынша елдің төртінші қаласы – Сале қаласын екі тармақпен байланыстырды. Олар бірге шамамен 2,5 млн адамды құрайтын халқымен агломерацияны құрайды. Ұзындығы 20 шақырым болатын бірінші кезек 2011 жылы іске қосылды. Екінші кезек 2019 жылы бұл тармақты тағы 7 шақырымға ұзартты. Жүйе күніне 170,000-нан астам адамды, немесе жылына 32 млн. жолаушыны тасымалдайды. Жақын арада тағы екі тармақты аяқтау күтілуде. Жүйе – арасын өзен бөліп тұрған Рабат және Сале қалаларын біріктіріп қана қоймай, сонымен қатар, жұмыс және жатын аудандарды орталық аудандармен байланыстыру арқылы және стратегиялық, тартымды локацияларда ыңғайлы ауысып отыруды қамтамасыз ету арқылы екі қаланың ішінде тиімді транзитті қамтамасыз етеді.

Дизайны мен жан-жақты пысықталуынан бастап, пайдалануға беруге дейін – бүкіл жобаны SYSTRA компаниясы (Франция) 5 жылда іске асырды, соның ішінде келісуді, тендерлерді және өзге дайындық жұмыстарын қоса алғанда. Құрылыс төрт жылға созылды. Барынша оңтайлы шешімді таңдай отырып, орталық және жергілікті биліктегілер халықтың тиімді икемділігін ғана емес, сонымен қатар қала көлігінің қолжетімділігі, инклюзивтігі және экологиялық тазалығы мәселелерін шешуді де мақсат етіп қойды.


2012 жылы LRT жүйесі халқының саны 4 млн. адамды құрайтын Марокконың аса ірі қаласы Касабланкада ашылды. Қазір ол 71 станциясымен жалпы ұзындығы 47 шақырымды құрайтын екі тармақпен күн сайын шамамен 220,000 жолаушы тасиды. 2022 жылы тағы екі тармағын ашуға дайындық жүруде. Тапсырыс беруші - Касабланка мэриясы – жылдам, экологиялық таза және шуылы аз көліктіктің көмегімен жолаушыларға лық толы автобустардың мәселесін шешуді мақсат етіп қойды, бұл сондай-ақ шеткері аймақтардың ревитализациясына және бүкіл бағдар бойынша экономикалық белсенділіктің жандануына жәрдемдесті.
Оңтүстік Америка
Бүкіл Оңтүстік Америкада небәрі 8 қалалық рельс көлігі жүйесі бар. Олардың төртеуі соңғы бес жылда салынды, олардың екеуі – құрлықтың аса ірі экономикасы болып есептелетін Бразилияда орналасқан. Алматымен салыстыруға келетін қалған екі үлгіні алар болсақ, оның бірі "транслора" жүйесі болып табылады, бұл – бір рельске бекітілген, резеңке шиналармен қозғалатын трамвайлар. Бұл жүйе жылы климатқа ғана жарайды. Сондықтан, әлемдегі ең «жас» LRT жүйесі кейсін қарастырайық.

2020 жылғы 25 мамырда Covid-19 бойынша карантинге қарамастан, Эквадордың көлемі бойынша үшінші үлкен қаласы – Куэнкеде жүрдек трамвай жүйесі іске қосылды. Ұзындығы 10.7 шақырым болатын және тасымалдау қабілеті күніне 120,000 жолаушыны құрайтын тармақ орталық пен екі шеткері аймақты – солтүстіктегі индустриялық саябақ пен оңтүстіктегі Рио Таркиді байланыстырды. Жүйені муниципалитетке табыстағанға дейін дайындау, іске қосу және алғашқы үш жылда басқару үшін коммерциялық оператор ретінде Metro Tenerife (Испания) таңдалды. Жобаның құны $142 млн. құрады, соның ішінде құрылысын салуға, жылжымалы құрам сатып алуға және электрмен жабдықтауға жұмсалған шығындарды қоса алғанда. Ол бұрын-соңды қоғамдық көлік арқылы байланыспаған ақырғы нүктелерідң арасындағы жолға жұмсалатын уақытты 35 минутқа дейін қысқартты. Куэнка – тау сілемдері арасындағы ойпат жерде орналасқан тарихи қала. Ол халқының жоғары тығыздығымен және аса тар көшелердегі құрылыстарымен ерекшеленеді, бірақ бұл – LRT пайдасына таңдау жасауға кедергі болмады. Керісінше, жүрдек трамвай қалалықтардың қозғалуы үшін және кептелістермен күресу үшін жалғыз шешім болды.

Қазан
Бұрынғы КСРО-ның көптеген қалаларында 2000-ші жылдардан бері LRT жүйелерін енгізуге қатысты талқылаулар жүргізілуде және жоспарлар құрылуда, бірақ өңірдегі барлық елдердің арасында жұмыс істеп тұрған заманауи жүрдек трамвай жүйесі Татарстан астанасында ғана бар. 2012 жылы іске қосылған Қазан трамвайының бірқатар типтік "посткеңестік" кемшіліктері бар: жобаның жеткілікті пысықталмауы, асығыстық (дүниежүзілік Универсиада-2013 шарасына орай) және осымен байланысты даулы мәмілелер.

Мысалы, рельс жолдарының барлығы жүргін бөліктен оқшауланбаған, бағдардың едәуір бөлігінде заманауи көп секциялы түбі төмен құрамдарға нашар бейімделген ескі трамвай төсемі пайдаланылады. Жобаға маңызды міндеттер жүктелген – көп пайдаланылатын жартылай айналма жол арқылы күніне 30,000 жолаушы транзитін жүзеге асыру, алдағы жылдарда желіні айналма жол етіп тұйықтау, қалада жұмыс істейтін метрополитенмен түйіндестіру. Өкінішке орай, Қазан трамвайы ескірген инфрақұрылымы мен жобада ж
Санкт-Петербург
Санкт-Петербургтегі трамвай қозғалысының тарихы терең, ол 1980-ші жылдары белсенді түрде дами бастады, сол кезде ол ұзақтығы бойынша әлемдегі аса ірі желі болатын. 1990-шы жылдары ол құлдырай бастады, бірақ соңғы жылдарда әртүрлі МЖӘ (мемлекеттік-жекеше әріптестік) сұлбаларын қолданудың арқасында қайтадан дами бастады және бүгінгі таңда питерлік желі 41 трамвай бағытымен, 231 шақырым жолымен және жылына 2 млн. адамды құрайтын тасымалдау қабілетімен жаһандық топ-5 тізіміне кіреді. Құлдырау кезеңінде желілерді жабу, трамвай парктерін жою бойынша көптеген даулы шешімдер қабылданған болатын; желінің мәселелері сондай-ақ жеткілікті қаржыландырудың болмауымен және қаражатты игеруде салғырттық танытумен байланысты болды.

Қазіргі уақытта қала әкімшілігі тасымалдау қабілетін және бір жолаушыны тасымалдауға аз шығын жұмсалуын негізге ала отырып, қаланың аудандары мен шеткі қала маңына көлікпен қызмет көрсетуді жақсарту үшін трамвай жүйесін дамытуды басымдық ретінде анықтады. Осы мақсатта жолдарды автокөлік жолдарынан оқшаулау арқылы жаңа жолдар төсеу және қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғырту жүргізілуде. Петербургтық "Горэлектротранс" директоры Василий Остряков негіздеме ретінде трамвайды жолдағы кептелістермен күресудің көпшілік мойындаған және қауіпсіз әдісі, сондай-ақ жайлы, шуылы аз, экологиялық таза және ең бастысы – қаладағы икемділік үшін жүйрік шешім деп қабылдайды.