Әуел баста Орталық Азияда болсын, дүниенің басқа бұрыштарында болсын, тау бөктерінде орналасқан қалаларда адамдар арықтарды үш мақсатта салды. Атап айтсақ, су құбыры ретінде, суғару жүйесі ретінде және шаңды да ыстық ауаны салқындату мақсатында. Орта ғасырларда мұның бәрі тау суының есебінен жақсы жұмыс істеді. Алматы Верный деп аталған кезінде арықтар сумен қамтамасыз етудің негізгі көзі болды. Сол себепті 1899 жылы Бас, яғни негізгі арық салынды. Кейінерек онда суды оңтүстіктен солтүстікке, төмен қарай жіберіп тұратын шлюздер жүйесі пайда болды. Қаланың басқа бөліктерінде арықтар аз болды, олар кішкентай өзен, жылға яки бұлақ бар жерлерде ғана кездесетін. Қала өсе түскен сайын, әсіресе, ықшамаудандар қарқынды түрде салына бастаған уақытта арықтар көбейе түсті. Алайда олар бұл кезде жер бетіндегі суларды ағызу үшін яғни, жаңбыр канализациясы, қазақша айтқанда, жаңбыр кәрізі ретінде пайдаланылды. Жаңбыр жоқ кезде олардың көпшілігі қаңырап бос қалды. Олар қазір де құрғақ.